Әлеумет

Әлеуметтік көмек әлжуаз топқа арналған

Тікелей эфир

Жергілікті «Aqtòbe» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында жексенбі күніоблыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев облыс тұрғындарының сауалдарына тікелей эфирде (87132-22-11-55) жауап берді. Сондай-ақ бағдарлама барысында әлеуметтік желідегі сұрақтар да қойылды.  

Бағдарлама  өзегі — төтенше жағдай кезеңінде әлжуаз топтарға арналған әлеуметтік көмек пен карантин кезіндегі еңбек мәселесі болды. Әуелі Бұлбұл Елеусінова төтенше жағдай кезінде көрсетіліп жатқан ақшалай көмекке тоқталды.

— Төтенше жағдай кезеңінде әлжуаз топтарды қолдау мақсатында  үш арнадан ақшалай көмек беріліп жатыр. Біріншісі — республикалық бюджеттен берілетін кейбір санаттағы адамдарға тиесілі 5567 теңге. Бұл көмекті 32 мыңнан астам ғана адам алады. Екіншісі — облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, осы қиын жағдайда әлжуаз топқа жататын адамға біржолғы көмек ретінде бөлінген 20 мың теңге. Мұны тоғыз санат бойынша 44 534 адам алады. Үшіншісі,NUR OTAN  партиясының «BizBirgemiz»  республикалық акциясы аясында ұйымдастырған 50 мың теңге көлеміндегі біржолғы көмегі. Бұл көмек 7 санат бойынша  сегіз мыңға жуық адамға беріледі. Аталған көмектерді алу үшін ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Көмектер барлық деректер базасы сақталған ақпараттық жүйе бойынша автоматты түрде тағайындалады. Әлжуаз топ өкілдері назардан тыс қалмайды. Осы айдың жиырмасына дейін қаражат алуға тиіс адамдардың есепшоттарына аударылады,  — деді Бұлбұл Ораққызы.

Сондай-ақ оның айтуынша, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып отырғандарға арналған 42500 теңге көлеміндегі көмекті алуға өтініш білдіргендердің арасында марқұмдардың атынан өтініш қалдырғандар да болыпты. Басқарма басшысы өз кезегінде өтініш толтырған әр адамға зор жауапкершілік жүктелетінін, әсіресе, жалған ақпарат беріп немесе жаңағыдай өрескел қателікке жол беретін болса, жазаланатынын қатаң ескертті.

Бағдарлама барысында Саламат Аманбаев төтенше жағдай кезінде бірқатар кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатып, жұмысшыларын қысқартып немесе уақытын шектегендерін айтты.

— Біздің өңірде вахталық әдіспен еңбек ететіндер көп. Төтенше жағдай жарияланғанда жұмыста жүріп, үйлеріне қайта алмай қалғандары болды. Жұмыс беруші, жұмысшы, жергілікті әкімдік бәрі келісіп, жұмыс жалғасатын болса, ол кезде екінші вахтаға қалған адамға жалақы көтерілген коэффициентпен төленуі тиіс, — деді облыстың бас еңбек инспекторы.

Тақырыпқа орай қойылған сұрақтардың көпшілігі қайталанып отырды. Бұлбұл Ораққызы: «Тұрғындардың берілген көмектің бәрін аламын деуі — қате, ақшалай көмек бір адамға бір санат бойынша ғана беріледі», — деді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button